Қазақстанда техникалық қарасора өсіру мәселесі қайта талқылана бастады, бірақ бұл жолы Дариға Назарбаеваның бұған қатысы жоқ, деп хабарлайды Baimedia.kz.
Парламентте қарасораны өндірістік мақсатта өсіруді заңдастыру туралы ұсыныс қаралып жатқанда журналистер 2014 жылы сол кездегі депутат Дариға Назарбаеваның Шу аңғарында өсетін қарасораны медициналық препараттар жасау үшін пайдалануды ұсынғанын еске алды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазіргі бастаманың артында мүлде басқа адамдар тұр.
«Жоқ, бұл жолы бастама көтеріп отырғандар — басқа компаниялар», — деді ол үкіметтегі брифингте.
Министрдің айтуынша, игерілмей жатқан бос жерлер жеткілікті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Валиханов ауданында техникалық қарасора өсіру жоспарда бар.
Министрдің орынбасары Азат Сұлтановтың сөзінше, қарасораның құрамында есірткілік заттар жоқ техникалық түрлерін ғана өсіруге рұқсат беріледі. Өңдеу барысында бұл шикізат сот сараптамасы мамандарының зертханалық тексеруінен өтеді.