Астана. 15 ақпан. BM.KZ — Қазақстан құрамасы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында алғашқы жүлдесін жеңіп алды.
Ерлер арасында мәнерлеп сырғанауда отандасымыз Михаил Шайдоров 291.58 ұпаймен чемпион атанды.
Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа темір тұлпар сыйлады. Бұл сыйлықты Димаш Instagram парақшасында жариялап, Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісіне құрметін білдірді.
-Құрметті ағайын, не деген мереке, не деген той! Мұз үстіндегі қимылың мен өнерің тек чемпион ғана емес, бүкіл жұртқа үміт пен рух, шабыт сыйлаған үлкен азаматқа айналдырды. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң — халқымыздың өкінішке қарай, маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпай, ағаңның алдындағы борышыңды, еліміздің, халқымыздың алдындағы міндетіңді жоғары деңгейде өтедің, — деп жазды Димаш Құдайберген.
Сондай-ақ, әнші Олимпиадада өзінің орындауындағы әнді таңдағаны үшін алғысын білдіріп, чемпионға жеке атынан автокөлік сыйлайтынын айтты
Бұдан бөлек, қазахстандық Ulytau Group құрылыс компаниясы спортшы Михаил Шайдоровқа New City Life тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сыйлайтынын жариялады.
Компания Instagram желісінде спортшыны құттықтаған сторис жариялаған. Алайда, құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, әзірге олар Шайдоровтың өзімен байланыса алмай отыр.
— Ulytau Group компаниясының атынан Сізге шынайы алғысымызды білдіре отырып, Астана қаласындағы Есіл өзенінің жағалауында орналасқан New City Life тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтерді сыйға тартатынымызды қуана хабарлаймыз, делінген хабарламада.
