Елімізде жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынуы мүмкін
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеу мәселесін көтерді.
«Ұлт қауіпсіздігінің негізгі стратегиясының бірі – ұлт денсаулығы. Өскелең ұрпақтың денсаулығы – ұлт болашағы. Бүгін Сенатта қаралған заңды осыған дейін талқылау барысында депутаттар балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныстар болды. Себебі, энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауырларына алып келеді. Жүкті әйелдерге де кері әсер етеді. Адамда қорқыныш, үрей пайда болады. Психологиялық және физикалық тәуелділікке алып келеді. Біз ұсынған түзетулер белгілі бір дәрежеде бизнесті шектейтін түсінеміз. Алайда, балаларымыздың денсаулығы кез келген триллиондаған қаржыдан қымбат екенін естеріңізге салғым келеді» – дейді сенатор Ғалисқар Сарыбаев.