Соңғы үш жыл ішінде Қазақстанда пайдаланылмай жатқан 12 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жайылым тапшылығы. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда ел аумағында 70 мың гектарға жуық жайылым жер жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет игерілмеген және мақсатсыз пайдаланылған алқаптарды қайтарып, оларды халықтың қажетіне жарату жұмысын қолға алды.
Жер ресурстарын қайта бөлудің аясында 2 миллион гектарға жуық жер халыққа тікелей үлестірілді. Сонымен қатар, 4 миллион гектар жер конкурс арқылы шаруаларға берілді. Бұл қадам аграрлық секторды дамытуға, шағын және орта шаруашылықтардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Мемлекет бос жатқан жерлерді тиімді игеруді, жер ресурстарын әділ әрі ашық бөлуді басты міндет ретінде қарастырып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеуге сеп болмақ.