Астана. 14 сәуір. BM.KZ — Республикалық бюджет үшін мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы салығы оң әсерін тигізді. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.
— Есепті кезеңде, мемлекеттік қаржының орнықтылығы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді дер кезінде қаржыландыру, өңірлерді қолдау, сондай-ақ кірістер мен шығыстарды цифрлық басқарылатын моделге көшу қамтамасыз етілді. Шикізат пен валюта нарығының сыртқы құбылуына қарамастан, жалпы негізгі бюджет параметрлері атқарылды. Трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңгені немесе жоспарға 104,3 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, түсімдер 931 млрд теңгеге немесе шамамен 17 пайызға өсті, — деді М.Такиев.
Оның айтуынша, республикалық бюджет кірістері 4,2 трлн теңгеге жетіп, 102 пайызға атқарылды.
— Жергілікті бюджет жоспардан 193 млрд теңгеге асыра орындалып, 2,3 трлн теңге көлемінде түсім алып келді. 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, салық түсімдерінің өсуі 20%-ды құрады немесе 1 трлн теңгеден аса түсім қамтамасыз етілді. Импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдер 165 млрд теңгеге ұлғайды. Оның ішінде алдын ала берілетін деректерге сәйкес, қосылған құн салығы мөлшерлемесінің ұлғаюы есебінен, өсім шамамен 80 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде бюджеттің кіріс бөлігіне сыртқы макроэкономикалық факторлар айтарлықтай әсер етті, оның ішінде әлемдік мұнай нарығы құбылып тұр. Бірінші тоқсандағы мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар деңгейінде қалыптасты. Бұл ретте, қолданыстағы бюджет архитектурасында мұнай бағамының өсімі тікелей Ұлттық қордың түсіміне әсер ететінін атап өту керек, себебі заңнамаға сәйкес мұнай түсімдерінің негізгі бөлігі Ұлттық қорға жіберіледі. Ал республикалық бюджет үшін мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы салығы оң әсерін тигізген, осы ретте қосымша 40,5 млрд теңгені қамтамасыз етілді, — деді министр.
