Астана. 23 қыркүйек. BM.KZ – Премьер-министр егін жинау науқанының барысын қарау қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Бектеновтың айтуынша, облыс әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың жаңа түсімін уақытылы қабылдап, кептіруді және сақтау инфрақұрылымын толық пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
Өнімдерді сақтау мен қызмет көрсету бағасын негізсіз көтеруге жол берілмейді. Бұл бағыттағы жұмысты қажет болған жағдайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қадағалайды.
Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, астық тасымалдауға жеткілікті көлемде вагон мен көлік бөлуге міндеттелді.
Өңір әкімдіктері қыркүйек айының соңына дейін көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша келісімшарт жасап, азық-түлік қорының тұрақтылығын қамтамасыз етуі қажет.
Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларға қарсы шара қабылдап, фермерлер үшін әділ сауданы қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қатаң бақылауға алынады.
Егін орағының сапалы өтуіне Үкімет жанындағы Жедел штаб тұрақты мониторинг жүргізетін болады.
