Астана. 3 қыркүйек. BM.KZ – Қытай астанасы Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы шақырылған мәртебелі меймандар қатарында қатысты.
Мемлекет басшысы салтанатты шараны Тяньаньмэнь алаңынан тамашалады. Парад барысында Қытай Халық Республикасы қарулы күштерінің тарихы мен жетістіктері көрсетілген.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған әскери парадты тамашалады”, — делінгенАқорда таратқан хабарламада.
Әскери парадтан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан ұйымдастырылған салтанатты қабылдауға қатысты. Іс-шара Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде өтті.
