Астана. 14 сәуір. BM.KZ — Қазіргі уақытта еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды, ахуал тұрақты, мониторинг жүргізілуде.
Мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы жұмыс істейді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Қазіргі уақытта елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды. Қазір су тасқыны шыңы Ақмола облысының аумағында өтіп жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда.
Гидрологиялық жағдайдың тәулік бойы мониторингі және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етіледі. Су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.
Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 9 млн астам текше метр қар шығарылды, 1,4 млн астам текше метр еріген су сорылды, 95 мыңнан астам қап және 104 мың тонна инертті материал төселді, 1,9 млн астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 6 мыңнан астам уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.
Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Барлығы 46 әуеден барлау жүргізіліп, 332 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметкері су тасқынына қарсы жұмыстарға Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған.
Тоғыз өңірде 238 учаскеде жалпы ауданы 626 мыңнан астам шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді, 29 мыңнан астам метр мұз кесілді және 41 мың ойық бұрғыланды.
Ақмола облысында автомобиль жолдарындағы 5 судың тасуы мен 1 су шаю бақылауда.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы ТЖМ, ЖАО, ІІМ 64 адам мен 20 бірлік техника жұмылдырылды.
Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында келесі көлемде жұмыстар атқарылды: 3 589 метр уақытша бөгендер мен үйінділер тұрғызылды, инертті материалдармен толтырылған 49 113 қап төселді, 103 092 тонна инертті материал дайындалды және төселді, 483 157 метр арықтар мен каналдар тазартылды. Ескі Қалқұтан ауылына кіреберіс жолдың жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2 экскаватор, 1 тиегіш және 4 бірлік ауыр жүк техникасы жұмылдырылған. Облыс аумағындағы жағдай тұрақты, Шағалалы, Сілеті және Астана су қоймаларында қауіп сейілді.
Шығыс Қазақстан облысында қардың белсенді еру кезеңі өтуде. «Қазгидромет» ШҚО филиалының мәліметінше облыс аумағындағы қар жамылғысы 32%-ға дейін азайды. Глубокое ауданында, сондай-ақ Марқакөл және Алтай аудандарында қардың қалыңдығы 20-дан 43 см-ге дейін төмендегені тіркелді. Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Самар және Ұлан аудандарының басым бөлігінде қар жамылғысы толық еріп кеткен.
Ірі өзендердің арналары мұздан ашылды. Жағалауларда мұз үйінділері мен қалдық сеңдер байқалады. Су деңгейлері қауіпті межеден төмен. Гидротехникалық құрылыстар тұрақты бақылау режиміне ауыстырылды. Бұқтырма су қоймасында мұз жамылғысының босағаны байқалады: жағалауда ашық жерлер, мұздың қарайып, жарықтардың пайда болуы тіркелуде. Қазіргі уақытта өзендердің тасуы, тұрғын үйлер мен аулалардың су астында қалу жағдайлары тіркелген жоқ.
Өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені жалғасуда. Су деңгейлеріне бақылау гидробекеттер желісі арқылы жүргізілуде, сондай-ақ су тасқыны қаупі бар учаскелерге әуе мониторингі жүргізілуде. Барлығы 7 әуеден барлау жүргізілді.
Халықпен профилактикалық жұмыс күшейтілді: тұрғын секторда 675 рейд ұйымдастырылды. Тұрғындарға үйлерінің маңындағы арықтар мен жылғалардың арналарын уақытылы тазалау ұсынылды.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Облыс аумағында ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылған, олар Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында қызмет атқаруда. Аталған бөлімшенің күшімен Қызылжар ауданында және Петропавл қаласының маңында қорғаныс дамбаларын нығайту мақсатында 28 мың қап дайындалып, 10 мың қап төселді. Сондай-ақ Есіл өзенінен тасыған су бөгендерін шайып кетуінің алдын алу мақсатында 2 мың метр полиэтилен жабыны төселді. Су тасқыны жағдайын бақылау аясында өзендер, көлдер мен су қоймаларының бассейндеріне әуеден аэровизуалды тексеру жүргізілді.
