Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлескен арнайы операция барысында қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатып, таратқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл ақпараттар мемлекеттік дерекқорлардан рұқсатсыз алынған және Telegram желісі арқылы түрлі арналарда таратылған. Тіпті кейбір деректер коллекторлық компаниялардың иелігіне өтіп үлгерген. Тергеу барысында 140-тан астам тұлға – арна әкімшілері мен компания басшылары ұсталып, олардың қатарынан 5 күдікті қамауға алынды.
Арнайы тінту кезінде 400-ден астам компьютерлік құрылғы мен электронды техникалар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды:
205-бап 3-бөлік – «Ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу»,
147-бап 5-бөлік – «Жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу»,
211-бап 3-бөлік – «Шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату».
Қазіргі уақытта тергеу тобы бұл іске қатысы болуы мүмкін тұлғаларды толық анықтап жатыр.