Қырғыз парламенті «шетел өкілдері туралы» заң жобасын мақұлдады
Заң жобасын 66 депутат қолдады, 5 депутат қарсы шықты. «Шетел өкілдері туралы» заң жобасы Жогорку Кенештің 14 наурыз күнгі күн тәртібінде болмаған, деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Құжат спикердің орынбасары Нұрбек Сыдығалиевтің өтінішімен күн тәртібіне енгізіліп, депутаттар оның ұсынысын қолдаған. Азаттықтың Қырғыз қызметі құжат асығыс қабылданғанын жазды.
Бұған дейін құжатты конституциялық заңнама және мемлекеттік ұйымдастыру комитеті мақұлдаған. Жогорку кеңес құжатты комитет енгізген өзгерістермен бірге қабылдаған. 20 ақпанда комитет заң жобасынан «шетел өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы» норманы алып тастаған.