Премьер-министр Олжас Бектенов бельгиялық Sarens компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Людо Саренспен кездесті. Келіссөз барысында «Нұр жолы» өткізу бекетінің айналма жолын салу жобасы талқыланды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба шекара маңындағы инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға және қолданыстағы көлік ағындарының жүктемесін азайтуға бағытталған.
Атап айтқанда, салмағы 100 тоннадан асатын ірі габаритті жүктерді өткізуге мүмкіндік беретін ұзындығы 3,2 шақырым, ені 12 метр айналма жол және ауданы 81,6 гектар көлік тұрақ аймағы салынады.
Сонымен қатар, жоба аясында қосымша автожол көпірін салу және тиісті инфрақұрылымды орнату көзделіп отыр.
Барлық құрылыс жұмыстары компанияның жеке инвестициясы есебінен жүргізіледі. Жобаның жалпы құны шамамен 50 миллион АҚШ долларын құрайды.