Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) өткен дәрістен кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туды. Бұл жиында бірінші курста оқитын қыздарға ер адаммен кездескенде иіліп сәлемдесу керек екені айтылған видео көрсетіпті.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы жағдайға қатысты пікір білдіріп, министрлік тарапынан тексеру жүргізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, университетте қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне арналған ашық форматтағы дәріс өткен. Түрлі дәстүрлер мысал ретінде көрсетіліп, олар ашық талқылаған.
«Сәлем салу — көбіне үйлену, той сияқты отбасылық рәсімдерде орындалатын салт. Бұл дәстүр еліміздің оңтүстік өңірлерінде әлі күнге дейін кең таралған. Алайда дәрістің бір сәтін бөліп алып, әлеуметтік желіге жариялаған тыңдаушының пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырды», — деді министр.
Саясат Нұрбек бұл жағдайды азаматтық журналистиканың көрінісі деп бағалап, әр адам бір оқиғаны өзінше қабылдап, оны әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарата алатынын атап өтті.
Министрден «Қыздарға ер адамдарға иілуді үйретіп жатыр ма?» деп нақтылағанда, ол: «Жоқ, әрине», — деп қысқа қайырды.
Ал ҚазҰПУ басшылығы алдағы уақытта мұндай дәрістерде қолданылатын материалдарға мұқият қарайтындарын мәлімдеді.