«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында орман өрттерінің алдын алуға бағытталған заманауи жобаның тұсаукесері өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов қатысты.
Жаңа жоба аясында резерваттың Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығында орман өртін ерте анықтауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесінің алғашқы құрылғылары орнатылды. Бұл — табиғи апаттың алдын алу және оған шұғыл әрекет етуге мүмкіндік беретін озық технологиялық шешім.
Жүйе тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін оптикалық және жылу бейнелеу (термовизиялық) камералармен жабдықталған. Олар 30 метрлік антенна-діңгектерге орнатылып, орман аумағын 360 градусқа шолу арқылы бақылайды. Камералар түтін мен оттың алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтап, қауіп туралы ақпаратты дереу жедел басқару орталығына жолдайды. Бұл орман өрттерін уақтылы оқшаулап, ықтимал шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны келешекте Төтенше жағдайлар министрлігінің орталықтандырылған басқару жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Бұл барлық орман алқаптарын республикалық деңгейде тиімді бақылауға жол ашпақ.