Енді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын тексеретін сынақ зертханалары мен өзге де сертификаттау ұйымдары жұмыс істеуге рұқсатты цифрлық форматта ала бастайды.
Бұл шешім Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес қабылданды. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі мен оған қарасты ұйымдарда аудит жүргізіліп, Ұлттық аккредиттеу орталығы 550 кәсіпкерге заң талаптарына сай арнайы бланкіде аккредиттеу аттестаттарын бермегені анықталған болатын.
Аталған бұзушылықтарды жою және рәсімді жеңілдету мақсатында Жоғары аудиторлық палата Сауда министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді және аттестаттарды беру процесін цифрлық форматқа көшіруді тапсырды.
Нәтижесінде 2025 жылғы 19 мамырда «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізілді.