Шығыс Қазақстан облысында тыйым салынған аумақтарда балық аулап жүрген үш браконьерлік топ анықталып, ұсталды.
Атап айтқанда, Тарбағатай ауданының Қарақой ауылы маңында ұсталған топ көксерке, шортан, табан сынды балықтарды заңсыз аулаған. Тәртіп сақшылары 130 келіге жуық балықты, моторлы қайық пен балық аулау құралдарын тәркіледі. Табиғатқа келтірілген шығын — 700 мың теңгеден жоғары.
Марқакөл ауданындағы Шеңгелді ауылының маңында екі бірдей топ қолға түсті. Бірінші топтан — 117 келіден астам, ал екінші топтан — 50 келіден астам балық пен арнайы аулау құралдары және автокөлік тәркіленді. Бұл екі топтың әрекетінен келген зиян сәйкесінше 780 мың және 322 мың теңгеге бағаланды.
Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары заңсыз балық аулауға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.