3 мамыр күні «Интерфакс-Украина» агенттігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдемесін таратты. Онда ол 9 мамырда Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына келетін шетелдік қонақтардың қауіпсіздігіне Украина тарапы кепілдік бере алмайтынын айтты. Зеленскийдің сөзінше, Ресей арандатушылық әрекеттер — мысалы, өрт шығару немесе жарылыс — ұйымдастырып, кейін оны Украинадан көруі мүмкін.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Жеңіс парадына қатысады. Осыған байланысты BAIMEDIA журналисі қазақстандықтар мемлекет басшысының бұл сапары кезінде қауіпсіздігіне сенімді бола ала ма деп сұрады.
«Қазақстан үшін де, президентіміз үшін де Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс — киелі ұғым. Биыл Жеңістің 80 жылдығы аталып өтеді, сондықтан мемлекет басшысының Мәскеудегі парадқа қатысуы туралы шешім қабылданды. (…) Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету — қабылдаушы елдің міндеті», — деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.