Алты жыл бойы іздеуде жүрген «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталды, деп хабарлайды Baimedia.kz.
Қазақстанның Бас прокуратурасы 2019 жылдың қыркүйегінде Түркияның Әділет министрлігіне Арданды ұстап беру туралы ресми сұрау жолдаған. Биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның нақты орналасқан жерін анықтаған. Нәтижесінде Түркия құқық қорғау органдары Талғат Арданды Анталья қаласында қолға түсірді.
2025 жылғы 9 мамырда Анталья соты оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарды. Қазір ол қамауда. Қазақстанның құзырлы органдары оны елге қайтару үшін құқықтық рәсімдерді бастаған.
Еске сала кетейік, Астана қаласының соты Талғат Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырған.