Жетісу облысының Сарқан қаласында православ христиандарының зираты тағы да су астында қалды, деп хабарлайды Baimedia.kz.
Әкімдіктің айтуынша, бұл жағдайға жергілікті тұрғынның бірі себеп болған. Ол зиратты су басудан сақтау үшін қазылған арнаны өз бетімен жауып тастапты. Нәтижінде зиратты су басып, айналасы лайға толған.
«2024 жылы зират аумағын су басудан қорғау мақсатында арнайы санитарлық арна қазылған болатын. Алайда көктемде, православ мерекесінің қарсаңында, Сарқан қаласының бір тұрғынының бастамасымен бұл арна жабылып қалған. Соның салдарынан су өз арнасымен ағып кете алмай, зират маңында жинала бастады. Арнайы техника тартылып, жұмыс күші жұмылдырылды. Су ағыны толығымен тоқтатылды», — делінген баспасөз хабарламасында.
Әкімдік тұрғындарға арнаның жабылған учаскелерін қалпына келтіру қажеттігі туралы ресми ескерту жасады. Егер мұндай жағдай тағы қайталанса, кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылатынын жеткізді.